"Бір ел - бір кітап" - 2022. «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және әдеби шығармашылығы»

Биыл «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына - мемлекет қайраткері, ғалым, ақын, публицист, ағартушы және реформатор Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және әдеби шығармашылығы таңдалып алынды.

2022 жылы 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілгелі отырған тау тұлғаның шығармашылығы мен еселі еңбегімен жақынырақ танысу үшін «Бір ел – бір кітап» акциясының алар орны ерекше болмақ.

Ахмет Байтұрсынұлы - қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген.

1895 жылы жас Ахметтің оқытушылық қызметі басталады. 1909 жылға дейін ол Ақтөбе, Қостанай мен Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде сабақ беріп, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші мен оқытушы қызметін қоса атқарып жүрді.

Омбыда екі жыл бойы Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымында жұмыс істеді.

Орынборда Мұхтар Әуезов өзінің ең жақын сенімді достары – Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. 

1917 жылы патшаның тақтан құлауын Ахмет Байтұрсынұлы зор қуанышпен қарсы алып, Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен қазаққа бостандық, теңдік әперу үшін саяси күрес майданына араласты. Сол жылы Орынбор қаласында өткен І Жалпықазақ съезінде Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатов «Тәуелсіз автономия» құру идеясын ұсынады.

Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Ал, «Маса» екінші кітабы 1911 ж. басылып шықты. Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады.

Ахмет Байтұрсынұлы халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруға зор үлес қосты. Қазақтың «Ер Сайын» атты эпостық жырына алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 жылы Мәскеуде шығарды. Бұдан бөлек, қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, 1926 жылы «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады.

Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926). Автор әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады.

Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. 1929 жылы 2 маусымда Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. Келесі жылы КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ "үштігінің" шешіміне сәйкес, ату жазасына кесілді.

Бірақ бұл шешім бірнеше рет өзгерді. 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деген үкім шығарылды.

1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. Ал 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады.

Ақырында қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп, 1937 жылы 8 желтоқсанда жазықсыз атылып кетті.