Құттықтаймыз

Биылғы жыл кітапханашылар үшін оңайға түскен жоқ. Қашықтықтан жұмыс жасап, оқырмандарды онлайн шараларға тарту барысында әріптестеріміз айтарлықтай еңбек етті. Кітапхана бүгінге дейін 6 айға жуық қашықтықтан жұмыс істеп келеді. Онлайн жұмыстар аймақ көлемінде ғана емес республикалық және халықаралық деңгейге дейін шықты. Әр түрлі онлайн жобалар мен іс-шараларға жақын және алыс шетелдерден оқырмандар мен әріптестер қатысуда. Буккросинг алаңы ("Ашық кітапхана") ұйымдастырылды, QR-кодтарды пайдалана отырып, кітапхананың онлайн-ресурстарын пайдалануға мүмкіндік берілді. Сандық ресурстарды толықтыру және редакциялау бойынша көлемді жұмыс жүргізілді.

Жыл басынан кітапхана мен кітапханашылар туралы БАҚ-да көптеген материалдар жарық көрді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан тәжірибелі әріптестеріміздің еңбектері елеусіз қалған жоқ. Мәселен, кітапхана басшысы Шолпан Баянқызы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды. Кітапханамыздың өлкетану және сандық технологиялар бөлімінің басшысы Марал Таженова Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының Алғыс хатымен, облыстық кітапхананың балалар әдебиеті бөлімінің басшысы Марина Золотухина «Халық құрметі» төсбелгісімен марапатталды. Кітапхана процесстерін автоматтандыру бөлімінің басшысы м.а. Айнель Мырзағалиева облыс әкімінің «Алғыс хатына» ие болды, автоматтандыру бөлімінің кітапханашысы Семен Гуринов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, кітапхананың IT-маманы Виктор Макаров Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, кітапхана қызметкері Дана Сәрсенбаева ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Тәжірибелі қызметкерлер Назигүл Оралбекова мен Надежда Кузнецова «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісіне ие болды. Кітапханамыздың қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Алпысбай Хонж Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150-жылдығына орай Ақтөбе қаласының әкімдігі ұйымдастырған республикалық «Бақытқа жету жолында» үздік әлеуметтік пост байқауында жүлделі II орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, әріптестеріміз кітапхана әкімшілігі атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Құрметті әріптестер, марапаттарыңыз құтты болсын!