3 бірдей кітаптың тұсауы кесілді

Бүгін облыстық кітапхананың Facebook әлеуметтік желісінде Павлодарлық 3 бірдей қаламгердің кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Атап айтсақ, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Амантай Тойшыбайұлының «Жүректің көзі ашылса...» атты тағылымды әңгімелер жинағы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Айбек Оралханның «Алты аңғар» өлеңдер топтамасы, сықақшы Алпысбай Әбділұлының «Әріпті соттау» атты сатиралық шығармалар жинағы оқырманға жол тартты.

Бұл әдеби туындылар жергілікті кәсіпкер, ұлт жанашыры, «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері Асылбек Туғанбайдың демеушілігімен және де Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының ұйытқы болуымен жарыққа шықты.

Аталған шығармалардың тұсаукесерінде ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Қани, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалы директоры Жарқынбек Амантай сынды белгілі тұлғалар пікір білдіріп, бағаларын берді. Қаламгерлер өз кезегінде авторлық шығармаларын оқып, көпшілікпен бөлісті. Іс-шарада «Баянтау» газетінің бас редакторы, жас ақын Еламан Қабділәшім модераторлық етті.

«Ертіс пен Тобыл арасы» онлайн жобасы аясында өткен шараға Қостанай облысынан да оқырмандар онлайн көпір арқылы қатысып, өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, әдебиет пен мәдениет саласының басқа да өкілдері, жалпы оқырман қауым кітапхананың Facebook әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир арқылы да өз сауалдарын жолдады.

Шара соңында демеуші Асылбек Туғанбай мен ақын Арман Қани қаламгерлердің бұл беталысына жылы лебіздерін білдіріп, салтанатты түрде су жаңа кітаптардың тұсауын кесті.