«Абай алаңы» ашылды!

Бүгін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Абай алаңы» ашылды. Шара «Абай күні - кітапханада» акциясы аясында ұйымдастырылды.

«Абай алаңының» салтанатты ашылу рәсіміне белгілі Алаштанушы, Абайтанушы, халықаралық «Рух» әдеби сыйлығының иегері, көрнекті ақын, әнші Ықылас Ожайұлы, Абайтанушы, белгілі жыршы, «Абай ауылға келді» жобасы арқылы өңірімізге танылған Даниял Әсенов қатысты. Сондай-ақ халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, күрескер ақын Арман Қани, ақын Шолпан Байғалы, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Жарқынбек Амантайұлы «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділ, облыстық «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова, «PROFI» фото-сурет орталығының директоры Александр Пархоменко, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Жеңіс Молдабеков және басқа да зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

- Қазақтың жүрегіндегі қайғыны, көңіліндегі мұңды Абай шығармаларынан көруге болады. Әр қазақ баласының сүйгені Алла, сүйенгені әділет, қорқынышы надандық, қорғайтыны азаттық, «ауруы» Абай болуы керек. Сонда ғана біз рухани тазалыққа ұмтыламыз,-деді Ы.Ожайұлы.

Шараның ашылу салтанатында Абай әндері шырқалып, қазақ, кәріс, неміс, орыс, ағылшын және тағы да басқа тілдерде ғұламаның өлеңдері орындалды.
Кітапхана ұжымы дайындаған «Қазақстан. Абай. Руханият» тақырыбындағы кітап көрмесі қатысушылар назарына ұсынылды. Айта кету керек, көрмеге қойылған кітаптардың басым бөлігі облыстық кітапхананың сирек кездесетін кітап қорына тиесілі.
Шара барысында жергілікті көркемсурет колледжінің 1 курс студенттері көптің алдына шығып өз өнерлерін көрсетті. Қылқаламды серік еткен суретшілер Абай бейнесін, оның шығармаларына арқау болған түрлі көрністерді ақ қағазға түсірді. Ал облыстық «Ана тілі» орталығының басшысы Шолпан Кинжикова «Тіл керуені» жобасына қатысушылармен бірге шараны тамашалап, Ұлы ақынның құрметіне Абайдың суреті бейнеленген арнайы тәтті тортты көпшілікке ұсынды.

Айта кетейік, «Абай күні – кітапханада» акциясы аясында өңірдегі кітапханаларда 185 шара ұйымдастырылуда.

«Абай алаңын» тамашалауға ниетті кез келген адам С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға келіп, ақынның мол мұрасымен таныса алады.