«Павлодар балаларға кітап оқиды» акциясы

17 сәуірде С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Павлодар балаларға кітап оқиды» акциясы басталды. Акция оқу марафоны және қызықты адамдармен кездесу форматында өтетіндіктен, акцияның бірінші күнінде қатысушылар 4 сағат ішінде кітап оқу сүйікті хоббиі болып қалатын танымал адамдармен кездесті. Олардың әрқайсысы жас оқырмандарға балалық шақтағы сүйікті кітаптары туралы айтып қана қоймай, сонымен қатар халықтың тарихи жадындағы оқиғаларға қатысты ойларымен, өмірлік ұстанымдары мен хобби таңдау және кітап оқудың пайдасы туралы өз көзқарастарымен бөлісті.

Мәселен, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан Джек Лондонның шығармашылығына тоқталып, «Киш туралы аңыз» әңгімесінен балаларға үзінді оқыды. Әрі қарай тартымды сұрақ-жауап байланысынан кейін кімнің Айбек ақынның кітап оқуға деген құштарлығын оятқандығын және оның әрі қарай мамандық таңдауына қалай әсер еткендігі туралы білді.

«Павлодар «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағы» ҚБ басқарма төрағасы Александр Шитов мектеп кезінде оқыған Аркадий Гайдардың «Тимур және оның командасы» оқиғасы жайлы кітапты еске алды. Бұл оқиғаның кейіпкерлері бүгінгі күні еріктілер деп аталар еді, себебі олар өмірде кездесетін әртүрлі жағдайда адамдарға өз еркімен көмектеседі және бұл әрекеттері үшін арнайы мақтау мен марапат күтпейді. Дәл осындай белсенді өмірлік ұстанымының арқасында Александр іздеу және зерттеу жұмыстарымен айналысатындығы жайлы айтып берді.

Журналист, Қазақстан Журналистер одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Павлодар география Үйі» қоғамдық бірлестігінің директоры Александр Вервекин Хизер Морристің «Татуировщик из Освенцима» кітабынан үзінді оқыды. Александр сонымен қатар «Арктика волонтері» жобасына қатысқандығы туралы айтып берді.


«Еуразия 1 арнасы» мен «Городская неделя» газетінің журналисті Майя Шуақбаевамен жүргізілген әңгіме барысында балалар ертегілерде де саяси сюжеттердің болатынын, белсенді әрі мазмұнды оқу мектепте де көмектесетінін және үй тапсырмасына уақытты үнемдейтінін білді. Майя балаларға арналған ертегілердің авторы Джанни Родари туралы айтып, «Сказки по телефону» кітабынан бірнеше ертегілерді оқыды. Майя бұл кітапты біздің кітапханаға осы акцияға қатысқаны үшін естелік ретінде сыйға тартты.