Ардагер әріптестеріміз марапатталды

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың даму жолында өз қолтаңбаларын қалдырған, кітапханалық қордың қалыптасуына, каталогтар мен картотекалардың құрылуына, кітапханалық қызметтің жаңаруына, кітапханалық процестерді автоматтандыруға зор үлес қосқан ардагер әріптестеріміз, кітапхана ісінің шеберлері Шайкенова Назым Ғизатқызы және Батталова Қайырманат Батталқызы 70 жас мерейтойларын атап өтті.

Ардагерлеріміз облыстық кітапханада 40 жылдай еңбек атқарды, кітапхана саласында әлі де тыңбай еңбек етіп келеді. Назым Ғизатқызы Мәшһүр Жүсіп Орталық мешітінде кітапханашы, ал Қайырманат Батталқызы Батталова Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырушылық-әдістемелік комиссиясының төрайымы.

Назым Ғизатқызы Шайкенова, Қайырманат Батталқызы Батталова Қазақстандық Кітапханалық Одағының «Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы» төсбелгісімен және Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісінің басшысы Самал Балғабайқызы Бегалинованың құттықтау хатымен марапатталды.

Зейнеткер, тіл жанашыры Сәуле Қабдылжапарқызы Османова, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Баянқызы Шахметова, кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Балтағұлқызы Байжанова, ф.ғ.к., Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Mazhab kz» діни-танымдық порталының бас редакторы Амантай Тойшыбайұлы кітапханашы ардагерлерге жылы лебіздерін білдірді.

Ардагер әріптестерімізді мерейтойларымен және марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз! Зор денсаулық, отбасыларыңа амандық тілейміз!