А.Б. Бакраденованың оқу құралының тұсаукесері

29 мамыр күні облыстық кітапханада п.ғ.к,  доцент, ПМПУ профессоры Алтын Бакраденқызы Бакраденованың «Мектеп жасына дейінгі балалар тілін дамыту теориясы мен әдістемесі» оқу құралының тұсаукесері өтті.

Осы оқу құралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің бекітуімен барлық жоғары оқу орындарына  ұсынылып отыр. Автор бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, қарымды әдіскер, жоғары оқу орнында 40 жылдан астам еңбек етіп жүр. А.Б. Бакраденованың елеулі еңбектері – танымал балалар ақыны Мүбәрак Жаманбалинов туралы монографиясы, жазушы Ілияс Жансүгіровтің өмір жолын зерттеулері және т.б. Кітаптың тұсаукесеріне жас ғалымдар, оқытушылар, ұстаздар, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері қатысты. Колледж оқытушылары Гүлзия Набежанова, Айжан Есмағамбетова, ардагер ұстаздар Нағима Хайруллина, Бақыт Ашықбай оқу құралының құндылығы, «Мектепке дейінгі оқу және тәрбие» мамандығы бойынша оқу үдерісінде қолданылуы жайлы пікірлерін айтты. Шәкірттері арнау өлеңдерін оқып, жылы лебіздерін білдірді. Автордың еңбектері бойынша жасалған кітап көрмесіндегі материалдар болашақ ұстаздардың қызығушылықтарын арттырды.