Оңтүстік Орал (РФ) және Павлодар Ертіс өңірінің (ҚР) кітапханалары: жобалау және инновациялық қызмет тәжірибесі

24 маусымда ZOOM платформасында Ресей Федерациясының Оңтүстік Орал кітапханаларының кітапхана мамандарының онлайн – кездесуі өтті. Кездесудің басты мақсаты – өзара кәсіби қарым-қатынас орнату және жұмыс тәжірибесімен алмасу болды.

Осындай кездесулер Ресейдің ірі кітапханалары В.Я.Шишков атындағы Алтай өлкелік ғылыми әмбебап кітапханасы, Новосібір мемлекеттік ОӘҒК, А.С.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік ОӘҒК-мен бұрынырақ өткізілген.

Павлодар ОӘҒК-ның басшысы өзінің «Оқырман және кітапхана – 125 жыл бірге» атты баяндамасында С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап, ғылыми кітапхананың 125 жыл тарихындағы қалыптасуы, дамуы және жетістіктері туралы баяндап берді. Павлодар облыстық кітапханасының мамандары ортақ тарихи естелікті сақтау және көпшілікке тарату жөнінде бірлескен қазақстан-ресей жобаларының тәжірибелерімен бөлісті, олардың іске асырылуына кітапханалық өлкетану, «Павлодар облысының ауылдық кітапханаларын жаңғырту» бағдарламасы аясында ауыл кітапханасында Коммуникация орталығының құрылуы негіз болды.

В.Г.Белинский атындағы Свердлов ОӘҒК-ның жетекші мамандары кітапханалық қызмет көрсету мәселелері бойынша кәсіби мәселелердің кең ауқымын талқылады, кітапханалардың өзара іс-әрекет жолдарын анықтады, қызметтің негізгі стратегиялық бағыттарын әзірледі. Сонымен қатар СОӘҒК оқу орталығының және Екатеринбург қаласындағы Президенттік кітапхананың өңірлік орталығының қызметкерлері «жаңа буын кітапханалары мен кітапханашылары» қалай пайда болғандары туралы айтып берді.

Челябинскідегі әріптестер өлкетану қызметіндегі мобильді технологиялар тәжірибесімен және кітапханалық медиажобалар ретінде өлкетану подкасттарын құрумен бөлісті. Магнитогорск қаласының қалалық кітапханаларының бірлестігі кітапханалардың жастар форматындағы жұмысын, «Крашенинников кітапханасы» құқықтық ақпарат орталығының жұмысындағы әлеуметтік серіктестікті атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар кітапхана мамандарының біліктілігін арттыру, ҚР және РФ жетекші кітапханаларындағы тағылымдама бағдарламаларына қатысу қажеттілігін атап өтті, сондай-ақ пайдаланушыларға ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсетуді дамыту мәселелері мен перспективаларын кәсіби талқылау жақсы дәстүрге айналатынына және кезекті кездесу әріптес елдер кітапханаларының бірінде өтетініне сенім білдірді.