Облыстық кітапханада Ұлттық тағамдар күні өтті

Қазақтың ұлттық тағамдары - сан ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі ас мәзірі. Көшпенділердің күнделікті тағам мәзірі денсаулыққа өте пайдалы және қазаққа ғана тән қонақжайлылығымен, кеңдігімен ерекшеленеді.

Облыстық кітапханада әр айдың 15-күні – «Ұлттық күн» деп жарияланған. Аталып өткен «15 сәуір – Ұлттық тағамдар күнінде» қазақ ұлттық тағамдарының ерекшеліктері көрсетілді. Кітапханада бұл күні сүт өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, қымыз, шұбат, айран, шалап, көже, қаймақ, сары май, құрттан жасалған көбікті сусын, ірімшік, коспа өнімдері ұсынылды. «Бауырсақ - қазақтың ұлттық тағамы» демекші, «бауырсақ көрмесінде» келушілер бауырсақтың түр-түрінен дәм татып, дегустация жасады. «Наурыз көжені» дайындау мен «Жент» өнімін жасаудан шеберлік - сыныптар өткізілді. Павлодар сервис және тамақтану колледжінің өндірістік оқыту шеберлері «Жент» қазақ шоколадын дайындайтын әдісін көрсетті.

Қолөнер шебері Қайнарбек Махметтің «Шебердің қолы - көпке ортақ» этнокөрмесінде қазақ ыдыс-аяқтарымен қатар басқа да ұлттық бұйымдарын көрсетті, жас қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар кітапханаға келушілер «Ұлттық құндылықтар - еліміздің рухани қазынасы» атты кітап көрмесін тамашалады. Көрмеде қазақ тағамдарының дайындау құпиясын ашатын 50-ге жуық басылым қойылды: «Дастархан», «Казахская национальная кухня», «Блюда национальной кухни», түрлі-түсті альбомдар және т.б. ұсынылды.

Бұл шараға Павлодар сервис және тамақтандыру, Павлодар түсті металлургия колледжінің студенттері және кітапхана қонақтары мен оқырмандары қатысты.