Мектеп кітапханашыларына арналған экскурсия

10 наурызда облыстық кітапханада Павлодар және Ақсу қалаларының мектеп кітапханашыларына экскурсия өтті. Қонақтар 2021 жылы 125 жасқа толған облыстық кітапхананың тарихымен танысты, қорлар мен толықтыру көздері, жұмыстың жаңа нысандары, жобалар, клубтар мен үйірмелер қызметі, жастармен жұмыс жөніндегі бөлім, халықаралық кітап секторы, өндірістік әдебиет секторы, «Maker Space» шығармашылық ниетін іске асыру орталығы туралы ақпаратты тыңдады.

Облыстық кітапхананың әдіскерлері жұмысқа заманауи ақпараттық технологияларды енгізу туралы айтып, кітаптарды алу процесін, РФИД арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету технологиясын көрсетті. Сирек кітаптар залының қоры қонақтардың қызығушылығын тудырды. Кітап ескерткіштері кітапханада ерекше орын алады. Бұл бүгінгі күнге дейін аз мөлшерде шығарылған немесе сақталған және көркемдік, ғылыми немесе библиографиялық құндылығы бар басылымдар. Оларды сақтау, есепке алу, пайдалану ерекшеліктері туралы бөлім қызметкері айтып кетті. Мектеп кітапханашыларына С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Professional» бағдарламасы, «Кәсіби шеберлік мектебі» біліктілікті арттыру курстарына, «Кітап керуені» жобасына қатысу ұсынылды.