«Ертіс пен Тобыл арасы» онлайн жобасы

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы мен Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапханасы «Ертіс пен Тобыл арасы» атты онлайн жобаны ұйымдастырды. Осы жолғы әдеби шара қазақтың біртуар ұлы, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.

Шараға қос тараптың қаламгерлері мен белсенді жастар қатысты. Кездесуге Қостанай өңірінен ақын-жазушы, драматург, көсемсөзші Ақылбек Шаяхмет, белгілі ақын, публицист, ыбырайтанушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серікбай Оспанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ыбырайтанушы Өтеген Исенов, жас ақын, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің магистрі, көптеген республикалық әдеби байқаулардың лауреаты Даулет Жадырасын және тағы басқалар қатысты.

Ал павлодарлық қаламгерлер тарапынан Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Жарқынбек Амантайұлы, облыстық «Найзатас» әдеби, қоғамдық, саяси журналының бас редакторы Асыл Әбішев, ақын, аудармашы Айбек Оралхан, «Баянтау» газетінің бас редакторы, ақын Еламан Қабділәшім және басқалар қатысты.

Ғалымдар мен қаламгерлер Ы.Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына тоқталып, көп айтыла бермейтін тың деректерді баяндады.