Ғасырлармен үндескен асыл қазына

9 тамыз күні сағат 10.00-де Семей – Павлодар – Нұр-Сұлтан билиокеруені Павлодарға келіп, С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми кітапханада Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы Абай Құнанбаевтың 174 жылдығына орай «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» атты әдеби экспозициясын ұйымдастырды.

Семей облыстық кітапханасының қызметкерлері – Майгүл Малғаждар мен Ольга Мальцева экспозицияда ұсынылатын кітапхананың сирек басылымдар қоры Семей қаласындағы 136 жылдық тарихы бар (1883 жылы негізі қаланған) қоғамдық кітапхананы ұйымдастырушылардың бірі және тұрақты оқырманы болған қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаев өмірінің маңызды бір кезеңін ашып көрсетті.

Әдеби көрменің «Семей – ғасырлар тоғысында», «Абай тұлғасы сирек басылымдарда» бөлімдерінде павлодарлықтар үшін тосын сый – Абай заманындағы басылымдардағы ғұлама ақын тұлғасына қатысты аса сирек кездесетін өлкетану дереккөздері-түпнұсқалармен қауышу болды. Сондай-ақ, қатысушылар кітапхананың тарихымен, 1902 жылы ашылған Императорлық Орыс Географиялық Қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің басылымдарымен және саяси жер аударылған орыс өлкетанушыларының еңбектерімен танысты.

«Абай таныған кәусарлар» бөлімінде қоғамдық кітапхана сөрелерінен Абай оқып танысқан батыс ойшылдарының еңбектері, көңіліне жақын тұтып оқыған Л.Толстой, В.Жуковский, А.Пушкин, И.Крыловтай орыс классиктері, М.Лермонтовтың аудармалары арқылы Абай танысқан У.Шекспир, Ф.Шиллер, И.Гете, Дж.Байрон, Г.Андерсен сияқты батыс Еуропа классиктері шығармаларының үздік үлгілері ұсынылды.

Көрмеден Абай Құнанбайұлының Рақымжан Жаманқұлов пен Ықылас Адамбековтың редакторлығымен 1936 және 1939 жылдары баспа көрген латын қарпіндегі «Таңдамалы» өлеңдері мен «Абай әлемі» жобасы бойынша жарық көрген Абайдың қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалары орын алады.

Кітап көрмесі Абайдың жеке өмірі мен шығармашылығына қатысты фотосуреттермен және өлке зерттеушілерінің портреттерімен безендірілді. Көрмені Павлодар облысының кітапхана қызметкерлері және шығармашылық қауым тамашалады.