«Ислам – тәуелсіз еліміздің рухани тірегі» атты конференция

Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі.

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Мерейтой аясында С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана Мәшһүр Жүсіп орталық мешітімен бірлесе отырып осы жылдың 15-інші қаңтары күні «Ислам – тәуелсіз еліміздің рухани тірегі» атты конференция өткізді. Шараға Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары Дәулет Зәкәрянов, ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев қатысты.

Білікті мамандар ҚМДБ-ның жұмысы, өңіріміздегі Ислам дінінің дамуы мен насихатталуы барысында атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Сондай-ақ «Тәуелсіздік жылдарындағы ислам» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Mazhab kz» діни-танымдық порталының бас редакторы Амантай қажы Тойшыбайұлы әңгімеледі. Сонымен қатар, «Кітап – рухани азығымыз» тақырыбында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова баяндама жасады.

Жиын барысында «Қазақ тарихындағы Ислам» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Құрандар мен діни кітаптар, сондай-ақ Ислам діні туралы басылымдар қойылды. Қатысушылардың пікірінше аталған көрменің тарихи-мәдени және танымдық маңызы зор.