«Кәсіби шеберлік мектептері» аясында өткізілетін онлайн кеңес

19 наурызда «Кәсіби шеберлік мектебі» аясында «ZOOM» платформасында облыстың аудандары мен қалаларының ОКЖ әдіскерлеріне арналған «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылы шеңберінде балалармен жүргізілетін жұмыс жөніндегі балалар кітапханаларының қызметі» тақырыбында онлайн-кеңес өткізілді.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың әдіскері Б.Боромбаева 2020 жылы облыс кітапханаларының балалармен жүргізген жұмысына талдау жасап, жұмыс барысындағы кемшіліктер мен оң сәттерді атап өтті. «Балалар жұмысының негізгі көрсеткіштері», «Кәмелетке толмаған балалармен жүргізілген жұмыс туралы деректер», «Балаларға арналған клубтар мен үйірмелер жұмысы» кестелерін дұрыс толтыру бойынша оқыту жүргізді.

Кітапханалардың оқырман балалармен жүргізген «Кітап және сен» әлеуметтік зерттеулерін және ата-аналармен бірге өткізілген «Қазақстандық балалар жазушылары» блиц-сауалнамасын қорытындылады. Балалар да, ата-аналар да балалар әдебиетінің және шет тілінен аударылған әдебиеттердің жеткіліксіз түсімін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік тілде шығарылған балалар кітабы да аз мөлшерде екенін хабарлады.

Облыстың балалар кітапханаларының кітапханашылары өскелең ұрпақтың оқу мәдениетін қалыптастыру, балаларды ана тілінің, әдебиеті мен мәдениетінің құндылықтарына оқу арқылы тарту жөніндегі жұмыс тәжірибелерімен бөлісті, Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылына арналған жұмыс жоспарларын талқылады.