КІТАПХАНА ТҮНІ ЕРЕКШЕ ФОРМАТТА

«Кітапхана түні» акциясы облыстық кітапханада дәстүрлі түрде әр жыл сайын қазан айының үшінші онкүндігінде өткізіліп келеді. Ағымдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл Кітапхана түні онлайн форматта өтті.

23 қазан күні кешкі сағат 18.00-ден бастап видео-материалдар әлеуметтік желілердегі кітапхананың ресми парақшаларында орналастырылды. Instagram желісінде театр актерлерімен тікелей эфир ұйымдастырылады.

Бұл іс-шараның басты мақсаты оқуды насихаттау, жаңа оқырмандарды тарту және бос уақытты өткізудің жаңа форматын ұйымдастыру. Биылғы «Кітапхана түнінің» басты тақырыбы облыстық театрлардың мерейтойларына арналды. 2020 жылы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының құрылғанына 30 жыл, ал А.Чехов атындағы драма театрының құрылғанына 75 жыл толып отыр.

Кітапхана түні бағдарламасы «Teatr.pvl» кітап көрмесінің театрландырылған таныстырылымынан басталды. Көрмеде кітапхана қорындағы кітаптар мен журналдардан басқа Чехов театры ұсынған заттар мен атрибуттар, Аймауытов театрының тарихына қатысты архивтік материалдарды қойылған.

Көрермендерге театрдын «сахна сыртында» театр өмірі туралы бейнешолулар жасалды. Оларға А.Чехов атындағы драма театрының киім бөлмесін көру және Ж.Аймауытов атындағы музыкалық-драма театрында болатын спектакльдің репетициясында болу мүмкіндігі туды.

Сонымен қатар, театрлардың жетекші актерлері –Гүлжанат Омарова және Александр Репинмен, «Қызықты кездесу» айдарында театр тарихы бойынша кітапхана қызметкерлері сұхбат алды.

Тікелей эфирлер біздің жерлестеріміз, белгілі бір уақытта облыстық театрлар ұжымы құрамында жұмыс істеген әріптестердің қатысуымен өткізілді. Өздерінің талантын Республикамызға дәлелдеген бұл актерлар мен актрисалар қазіргі кезде еліміздің белді театрларында өнер көрсетіп, түрлі сериалдарда төбе көрсетіп, театр пәндер бойынша сабақ та беріп, көрерменнің зор ықыласына бөленіп келеді. Олардың ішінде ҚР еңбек сіңірген әртісі «Еңбек ардагері» орденінің иегері Жанат Чайкина және тележүргізуші, театр және кино актері, театр режиссері Евгений Жуманов бар.

Сондай-ақ, бұл күні облысымыздағы қос театрдың жас толқын актерлары Татьяна Головатенко мен Рахат Жұмаханов тікелей эфирде көрермендермен қауышты. Сұхбат барысында жас актерлар болашақ жоспарлары және театрдың жеке өміріндегі рөлі туралы сұрақтарына жауап берді. Трансляция барысында театрлар тарихы бойынша блиц-викторинаның сұрақтарына жауап беру арқылы және ең үздік сурақ қойған көрермендер арасында жеңімпаздар анықталды. Сыйлықтарды кітапхана серіктестері – облыстық театрлар ұсынды.