«Қасірет құрбандарына мәңгілік тағзым» көрмесі

Облыстық кітапханада Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Қасірет құрбандарына мәңгілік тағзым» атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеде саяси қуғын-сүргін құрбандарының қайғылы тағдырын баяндайтын кітаптар, фотосуреттер, құжаттар, журналдар ұсынылды. Кітап көрмесінің бір бөлімі - биыл 150-жылдығы аталып өтілетін ұлт ұстазы, «Алаш» қозғалысының көсемі Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналды.

Торайғыров университетінің профессоры Серік Төлеубайұлы Елікбаев Қазақстанның нәубет жылдары тарихына тоқталып, мол мағлұмат берді. Сонымен қатар қатысушыларға зұлмат жылдарды, ашаршылық ауыртпалықтарын көрсететін бейне таспалардан үзінділер көрсетілді.

Іс-шараға әскери техникалық мектеп курсанттары, М.Канапиянов атындағы Павлодар педагогикалық университетінің жоғары колледж студенттері қатысты.