Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған «Оқитын Павлодар» кітап фестивалі

20 сәуірде облыстық кітапханада Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған «Оқитын Павлодар» фестивалі өтті. Фестиваль шеңберінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қала мекемелері мен ұйымдары кітап қорларынан тұратын «Ғасырлар кітабы» атты сирек кітаптар көрмесі безендірілді. «Менің өмірім-менің жетістіктерім» атты мотивациялық, «Музыка мәңгілік» экспозициялық және «Өсімдік жанға шипа, дертке дауа» трансформер көрмелері қойылды. Сонымен қатар, әр салаға арналған «Кітапханадағы ерекше кітаптар» көрмесі келушілердің қызығушылығын тудырды.

Кітапханада бұл күні жұртшылық екі жаңа кітаппен танысты. 92 жастағы белгілі жерлес жазушымыз, Жазушылар Одағының мүшесі, білім беру саласының ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Зекебай Солтанбаевтың «Наз» атты және жас жазушы, 19 жасар студент Камал Сейткеновтің «Приключения загадочного Рината» кітаптарының тұсаукесерлері болды.

Жыршылдық өнер - бабалардан жеткен ұлы мұра. Ал жыршыға тән белгі тек қана оқу емес, тыңдар қауымды баурап алар үн мен әртістік талап та керек. Осы орайда жергілікті жыршы Даниял Сабырұлы Асеновтың алатын орны ерекше. Әдебиет сүйер қауым үшін жыршы, абайтанушы және оның ізбасары, жастар арасында жыр өнерін насихаттап жүрген шәкірті Айбек Ғалымжанмен «Атадан қалған асыл сөз» атты кешінде жұртшылықты өз өнерлерімен тамсандырып, жастар арасында қызығушылық тудырды.

Ұлы Отан соғысының даңқты партизаны, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, жазушы, публицист, өмірі өзгелерге ұқсамайтын ғажайып адам Қасым Қайсеновтың 105 жылдығына арналған «Батыр Қасым» атты тарих сабағы өтті.

Абонемент бөлімі өз оқырмандарын «Кітап дәмін» тату үшін «Кітап фуршетіне» шақырды. Ал поэзия сүйгіш оқырмандар үшін «Поэтами воспетый отчий край» әдеби сағаты өтті. Кітап сүюші қауымды кітап алмасу book swap кеші қарсы алды. Оқырмандар үшін күні бойы «Книга-друг, учитель» викторина сайысы өтіп, жергілікті жазушы Н.Антареспен автограф-сессия жасалды. «Кітап мерекесіне» барлық кітап сүйер қауым жиналды.