«Күш атасы – Қажымұқан» атты кітап көрмесі

7 сәуірде облыстық кітапхананың оқу залында қазақтың тұңғыш кәсіби балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған «Күш атасы – Қажымұқан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қажымұқан Мұңайтпасов қазақ елінің мақтанышы, алып күш иесі, теңдесі жоқ кәсіпқой балуан. Күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгеріп, бәсекелестерінен басым түскен Қажымұқан әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ батыры.

Дүниежүзінің 28 мемлекетін аралап, сол жерлердің саңлақтарымен белдесіп, қоржынына 56 медаль салған. Қазақ қаламгерлерінің бәрі Қажымұқан туралы қалам тербеп, балуан жайлы бірнеше кітаптар жазды.

Кітап көрмесіне Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен күрес өнеріне қатысты туындылар, қаламгерлердің Қажымұқан туралы жазған кітаптары мен естеліктері, атап айтсақ, «Күш атасы» естеліктер жинағы, «Қажымұқан қағанаты» кітабы, М. Керебайдың «Қажымұқан», М. Тәнекеевтің «Қажымұқан», Қ. Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесі, Н. Ановтың «Ән қанаты» романы, О. Қожанұлының «Қажымұқан» және т.б. кітаптар, сонымен қатар мерзімді басылымдарда жарық көрген мақаларда қойылды.