«Геология – қызықты ғылым» атты дәріс-әңгіме

12 сәуірде жерлесіміз, талантты ғалым-геолог, қоғам қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан ҒА академигі, Қазақстан геологиялық ғылымдар және металлогения мектебінің негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 122 жыл толды.

Осы атаулы күнге орай облыстық кітапханада геолог, «ОрталықҚазжерқойнауы» РММ ӨД геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы басшысының м.а. Бешенбаев Бекзат Жұмабайұлының қатысуымен «Геология – қызықты ғылым» атты дәріс - әңгіме өтті. Іс-шараға №7 мектептің 10 сынып оқушылары қатысты. Кездесуде көптеген экспедицияларда болған тәжірибелі геолог, минералдар жөніндегі маман балаларға геология ғылымының несімен қызықты екенін айтып берді. Геологтардың экспедицияларда, сондай-ақ жұмыс үстелінде немесе зертханаларда қанша уақыт өткізетіні, экспедициялар қай жерде өтетіндігі және геологтар қандай жағдайда жұмыс істейтіндігі туралы қызықты мағлұматтар мен сұрақтарға толық жауаптар берілді. Сондай-ақ Павлодар облысындағы пайдалы қазбалардың орналасу ерекшеліктері жайлы да сөз қозғалды.

Кездесуге қатысушылар осы мамандық туралы өздеріне барлық қызықты да керек мәліметтерді біле алды, мысалы: білімді қайдан алуға болады, экспедиция қалай өтеді және алынған материалға талдау жүргізу жүзеге қалай асырылады. Әңгіме болашақта осы мамандықты игергісі келетіндерге ғана емес, сонымен қатар геолог мамандығы туралы көбірек білгісі келетіндерге де қызықты болды.