«Дәуірдің аңыз адамы» әдеби портреті

5 қыркүйек күні С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шара өтті. «Дәуірдің аңыз адамы» әдеби портреті  атаулы дата – Қазақстан халықтарының тілдері күні аясында ұйымдастырылды.

Қатысушылар, қала мектептерінің оқушылары,  ұлт–азаттық қозғалыстың көсемі, «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушы, көрнекті мемлекет қайраткері, лингвист, түркітанушы, әдебиеттанушы ғалым, ақын Ахмет Байтұрсыновтың тұлғасы мен шығармашылық мұрасын еске түсіруге тағы бір мүмкіндік алды.

Оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының  негізгі  үш сала бойынша қызметін сипаттап берді.  Қ.Бекхожин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Мақан Нұрзада әдеби шығармашылыққа тоқталды. №35 орта мектептің 8 сынып оқушысы Камирова Кәусар А.Байтұрсынұлының Қазақстандағы ағартушылық пен білім беру саласының дамуына қосқан үлесі туралы айтса, Хамит Санжар саяси-қоғамдық  қызметіне тоқталды.

Шара барысында қатысушылар С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың балалар әдебиеті бөлімі жүзеге асырып жатқан «40 мысал» әдеби-шығармашылық жобасымен танысты.