Моңғолия Республикасы кітапханашыларының келуі

15 сәуір күні халықаралық ынтымақтастық шеңберінде және тәжірибе алмасу мақсатымен Моңғолия Республикасының А. Бабиұлы атындағы Баян – Өлгей орталық кітапханасының делегациясы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға келді.

Моңғолиядан келген 11 кітапханашыға кітапханаға бойынша экскурсия ұйымдастырылды, облыстық кітапхана мамандары оқырмандарға қызмет көрсету, қорларды толықтыру және өлкетану құжаттарын сандық түрге көшіру бойынша кітапхана жұмысын таныстырды. Шетелдік әріптестеріміз мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсетуге арналған «Жанашыр» орталығы, Цифрлау орталығы, қызығушылық бойынша клубтардың, әуесқойлық бірлестіктердің, лекторийлердің жұмысымен, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының шеңберінде жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалармен және бағдарламалармен танысты. Болашаққа жоспарларымен бөлісті. Кітапхананың веб-ресурстары, электронды дерекқорлар және өлкетану құжаттарын сандық түрге ауыстыру қонақтардың қызығушылығын тудырды. Сапардың екінші күнінде қонақтар П. Васильев атындағы орталық қалалық кітапханаға, Павлодар қаласының музейлеріне, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық мамандандырылған кітапханаға, Мәшһүр Жүсіп атындағы Орталық мешітке барды.
Кітапхана кәсіби қауымдастығының осындай кездесулері кітапхана аралық қарым-қатынастарды дамытуға, кітапханашылардың біліктілігі мен беделін арттыруға ықпал етеді.