«Оқитын ұлт - ұлт болашағы» кітапханашылар форумы

12 тамыз күні Павлодар облысы Аққулы ауданында «Оқитын ұлт - ұлт болашағы» кітапханашылар форумы өтті. Форумда С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысы Ш.Шахметова «Оқитын ұлт» бағыты бойынша облыс кітапханаларының жұмысы жайлы баяндама жасады.

Филология ғылымдарының докторы профессор Бақытгүл Қасымбайқызы Қапасова ғалым Ғарифолла Есімнің «Кемеңгер Мұхтар» атты кітабымен таныстырып өтті. Сондай-ақ өңірімізге белгілі жыршы, Абай шығармашылығын насихаттаушы Даниал Сабырұлы Әсенов жырлардан үзінді оқыды.

М.Әуезовтің мұраcының аса қомақты бөлігі – оның ғылыми зерттеулері. Ол қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық-проблемалық мәселелері жөнінде іргелі еңбектер жазған еді. Атамекен отанды, туған халқын сүюге тәрбиелеу, туған жерге ыстық ықыласты қалыптастыру мақсатында 2019 жылы елімізде «Туған жерге тағзым» республикалық жобасы жұмыс істей бастады. Облыс кітапханалары осы жоба бойынша жұмыс жасауда.

Аталмыш жоба аясында Аққулы ауданының орталықтандырылған кітапхана (ОКЖ) жүйесінде ұлттық мәдени ағартуға зор үлес қосқан атақты жерлестердің шығармашылығына оқырман қызығушылығын насихаттау және тарту бойынша жұмыстар іске асуда. Өскелең ұрпақ үшін жарқын мысалдардың бірі - Аққулының тумасы, белгілі жазушы, абайшы, филология ғылымдарының докторы, профессор және академик Ғарифолла Есім.

Аққулы ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің (ОКЖ) басшысы Дарико Абаққызы Табулова тыңдаушыларды «Туған жерге тағзым» жобасы шеңберінде жұмыс істеп жатқан Ғарифолла Есім мұражайының жұмысымен таныстырды.