«Алыс және таяу шетел мұрағаттарындағы Қазақстанның отарлық кезеңінің тарихы» атты онлайн-дәріс

28 тамызда тарих ғылымдарының докторы Гүлфира Елубайқызы Өтепова С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың оқырмандарына «Алыс және таяу шетел мұрағаттарындағы Қазақстанның отарлық кезеңінің тарихы»  атты онлайн-дәріс оқыды.

Тарихты зерттеу - жалпы мемлекеттік міндет, өйткені тарихты білу ұлттық рухты қалыптастырады. Нақты тарихи деректер әрдайым тарихи дереккөздерден табылады. Гүлфира Елубайқызы - осы тақырып төңірегіндегі еліміздегі бас мамандардың бірі. Ол көптеген тарихи дереккөздерді анықтау және ғылыми айналымға енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Ол әр түрлі елдердің мұрағаттарында жұмыс істеді: Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты (Мәскеу), Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаты (Санкт-Петербург), Бельгия корольдік кітапханасы, Омбы және Орынбор облыстарының тарихи мұрағаттары, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты.

Аталған мекемелердегі ұзақ жұмыс нәтижесінде «Ресей империясының заңнамалық деректеріндегі Қазақстан тарихы» монографиясы және «Ресей империясының Қазақстан тарихы бойынша заңнамалық актілері» хронологиялық көрсеткіші жарық көрді. Г.Өтепованың осы және басқа да ғылыми еңбектері облыстық кітапхана қорында сақталған.