«Сарыарқаның асыл ақыны – Арман Қани» атты кітап көрмесі

22 ақпан күні Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың М.Мақатаев залында көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Арман Бақтанұлы Қанидың 70 жылдығына арналған «Толқын-толқын жыр туар бізден кейін» атты республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты, «Таңдамалы» жинағының тұсаукесері өтті. «Сарыарқаның асыл ақыны – Арман Қани» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Аталған мерейтой Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен, Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен  өтті.

Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Алпысбайұлы Тауасқан облыс әкімі атынан жылы лебізін білдіріп, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 10 томдық шығармалар жинағын Ұлттық академиялық кітапханаға  сыйға тартты.

Шара барысында ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың  иегерлері Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы,  Абайтанушы Ықылас Ожай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай А.Қанидың шығармашылығы туралы баяндады,  ақынның жары Бақыт Аханбайқызы ақынды еске алғандары және мүшайра ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Ақынның ұрпақтары – Нұрел Бастеми («Жиен»), Алуа Бастеми («Маған бәрібір»), Елдар Боранбай («Интернатты еске алу») Арман Қанидың өлеңдерін оқыды.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана  қасиетті өлкемізде елге адал қызмет етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің шығармаларына арналған «Сарыарқаның асыл ақыны – Арман Қани» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрме бірнеше бөлімнен тұрады:  «Ертіс - Баян өңірінің әдебиет майталмандары» (С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, С.Дөнентаев, Р.Тоқтаров, З.Шашкин, З.Ақышев, А.Шамкенов, С.Баязитов, А.Қани және т.б. жазушылардың кітаптары);  «Ертістің әдеби жас толқыны» (Ж.Амантай, А.Хонж, Е. Қабдыләшім, А.Оралқан, Қ.Шарманов және т.б. жас жазушылардың кітаптары); «Балаларға базарлық» (М.Әлімбаев, М.Жаманбалинов, Е.Ерботин, О.Григорьева, С.Сатыбалдин, Ж.Қоғабай және т.б. жазушылардың кітаптары). Көрмеге 200-ге жуық кітаптар қойылған.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақын Арман Қанидың жеке заттарынан құралған экспозиция ұсынды.