Кітапхана түніндегі шеберлік сабақтар

«Кітапхана түні - 2022» әлеуметтік-мәдени акциясы аясында «АRT-СРЕДА» алаңында «M’ art academia» және «ART-DECO» студиясы екі бірдей шығармашылық шеберлік сабағы өткізген болатын.

Белгілі шебер-суретші, әрі оқытушы Наталья Семенованың шығармашылық шеберханасына әр түрлі жастағы келушілер көптеп жиналды. Олар шеберлік сабақ барысында кітап бетбелгілерін жасау технологиясымен танысты. Сонымен қатар өз қолдарымен кітап бетбелгілерін жасады. Шеберлік сабақ акция аяқталғанға дейін бірнеше топ келушілерді қабылдады.

Әр түрлі түстегі жарқын бетбелгілер «Кітапхана түні» атты акциямыздан ерекше естелік болып қаларына сенімдіміз.

Ал психолог және арт-терапевт Диана Примактың арт-терапиялық сабағы келушілерді ерекше көңіл күйге бөледі. Қатысушылар арт-терапияның пайдасы жайында біраз мағлұматтар алып, психологтың жекелей кеңестерін алды.

Әр қатысушының жан дүниесіне терең бойлаған психолог олардың салған суреттері арқылы пайдалы кеңестерін айтып берді. Өзін толғандырып жүрген сауалдарына жауап алған әр қатысушы, сабақ соңында психологпен бірге рефлексия жасады.

Сабақ соңында шеберге арнайы алғыс хат ұсынылып, тәтті сыйлық табысталды.