Қыркүйек вернисажы

«Vita brevis, ars longa» қазақ тіліне аударсақ, «Өмір қысқа, өнер мәңгілік». Павлодарлық белгілі суретші-педагог Александр Колодиннің жеке көрмесі Ұлы ойшыл Гиппократтың дәл осы сөзімен аталады. Бүгін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Айна» өнер галереясында көрменің ашылу салтанаты өтті.

Александр Иванович Сібір жерінде дүниеге келген, Оралда оқыған, Челябі мәдениет және өнер академиясын бітірген, ал 1978 жылдан бастап Павлодар өңіріне қоныс аударып, күні бүгінге дейін осынд жұмыс жасап келеді. 

Жақындары, әріптестері мен құрбы-құрдастары оны суретші-мұғалім ретінде біледі. Расында, Александр Иванович өмірінің 40 жылдан астам уақытын ұстаздық жолда, яғни білім беру қызметіне арнады. Тағы бір айта кетерлігі оның шәкірттері - қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық көрмелердің жүлдегерлері.

Павлодарлық суретшінің шығармашылығы кескіндеме әуесқойларына жақсы таныс. Оның еңбектері Қазақстан, Қытай, Германия, Ресейдегі көптеген көрмелерге қойылды. Көптеген картиналар АҚШ, Қытай, Жапония, Израиль, Германияның жеке коллекцияларын толықтырды.

Әр жылдары суретшінің жеке көрмелері Павлодарда, Челябинскідегі өнер және мәдениет академиясында, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайларында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Александр Иванович – облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, түрлі үкіметтік наградалардың иегері.

Ашылу салтанатына Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Амангелдіқызы Құрманова, "Аманат" партиясының атқарушы хатшысы Илья Сергеевич Теренченко арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өкілдері, суретшінің жанашыр достары мен әріптестері құттықтау сөз сөйледі. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана басшысы Шахметова Шолпан Баянқызы да суретшіге жылы лебізін білдірді.

Экспозицияда 40-тан астам кескіндеме туындылары қойылған.

Көрме залының есігі келушілер үшін 2022 жылдың қыркүйек айының соңына дейін ашық. Осы кезең аралығында музыкалық-әдеби кештер, шығармашылық іс-шаралар да жоспарланған.

Келіңіздер, рухани демалып, әдемі сурет көрмесінің куәсі болыңыздар!