Шежіре күні

15 наурыз – Шежіре күні. Бұл күні отбасының, ел-жұрттың, жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі таратылады. Сонымен қатар, жұртшылық мал сойып, өткен-кеткен ата-бабаларына құран бағыштайды. Ағайын-туған, көрші-қолаң таяуда ғана жақынынан айырылған отбасылардың үйіне барып, «марқұмға тие берсін» айтып дастарханынан дәм татады. Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді. Елдің, өлкенің тарихы, ерлігі баяндалады.

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың қорындағы қазақ халқының ерте ғасырлардан бері түбірін жайған шежіресінен оның туыстық байланыстарын ұғындыруға арналған әдебиеттердің, оның ішінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз – қазақ, һәм хандар шежіресі», «Қазақтың ата тарату шежіресі», Тілеке Жеңістің «Шежіре» және т.б. шығармалардың құндылығы жоғары. Шежіре жайлы кітаптар рухани құндылықтарымызды қайта жаңғырту тұсында, еліміздің тарихын терең білуге, жас ұрпақтың санасы мен рухани мәдениетінің жоғарлауына ықпалын тигізеді.