18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні

Бұл күні қазақтың ұлттың ойындары өте көп ойналады. Арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақ күресі, аударыспақ, көкпар осының барлығы да жыл сайын Наурыз мерекесінің құрметіне ұйымдастырылады.

Ләңгі тебу, асық ойнау әсіресе балалар арасында жиі өтеді. Асық ойнау көзге тым қарапайым көрінгенімен бала денсаулығына өте пайдалы. Асық – қойдың асықты жілігінен алынатын сүйек. Баланы ептілікке, шапшаңдыққа, алдына қойған мақсатына жетуге тәрбиелейді.

Әлемдік деңгейде шахматпен терезесі тең тұрған ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақ. Аталған логикалық ойын адамның ойлау жүйесінің дамуына айтарлықтай үлес қосады. Тоғызқұмалақпен жастайынан шұғылданған балалардың барлығы дерлік оқуда жақсы жетістіктерге жетіп, көбісі мектепті «Алтын белгімен» аяқтайды.

Тек наурыз мейрамында ғана емес кез келген азамат кемінде ұлттық ойынның бір түрімен тұрақты түрде шұғылдануы керек. Ұлттық ойын ұлттық иммунитетіміздің нығаюының кепіл бола алады. «Шынықсаң шымыр боларсың» дейді дана халқымыз. Наурыз айында Ұлттық спортты қолдайық!