Халықаралық форум басталды!

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітапхана аймақтың мәдени потенциалын дамыту жолында» атты халықаралық форум басталды. Аталған игі шара  ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын және С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың 125 жылдығын тойлау аясында ұйымдастырылуда.

Халықаралық дәрежедегі мәртебелі жиынға көршілес Ресей елінің Мәскеу, Новосібір, Барнауыл өңірлерінен, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының кітапханашылары қатысуда. Атап айтсақ, Мәскеу қаласынан Еуразия кітапханалар қауымдастығының бас директоры М.Нерюева, Моңғолия елінен Ақтан Бәбиұлы атындағы Баян-Өлгей орталық кітапханасының директоры Алтынгүл Дәлелқызы,  Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР ҰАК бас директоры Ү.Мұңалбаева, Алматыдағы ҚР ҰБ бас директоры Б.Оспанова, Ресейдің Новосібір МОӘҒК, А.С. Пушкин атындағы Омбы ОӘҒК, В.Я. Шишков атындағы Алтай КӘҒК (Барнаул қ.) кітапхана басшылары және тағы басқа қонақтар қатысып, сөз сөйледі.   

Сонымен қатар еліміздің барлық өңірлерінен кітапхана ұжымдары осы шараға қатысып, тәжірибе алмасуда.

Кездесудің ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинова С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұжымын 125 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, кітапхана жұмысын алға жылжыту, қызмет сапасын жетілдіру мақсатында бірқатар жоспарлармен бөлісіп, тапсырмалар берді.

Сондай-ақ көршілес мемлекеттен және еліміздің өзге өңірлерінен шараға қатысушылар 125 жылдығын атап өтіп отырған кітапхана ұжымын арнайы құттықтап, толайым табыс тіледі.

- С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана үлкен маңызға ие тарихи орын. Біз әр өңірдегі кітапханалардың жұмыс сапасын арттыру арқылы мәдениетті, тәрбиелі, білімді азаматтар тәрбиелеуге үн қосамыз. Бұл жолда Шолпан Баянқызы басқарып отырған Павлодар облысының бас кітапханасы еселі еңбек етуде. Ұжымға мызғымас бірлік пен табыс тілеймін, - деді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры Үмітхан Мұңалбаева.

Қостанай облысынан Ертіс-Баян жеріне арнайы келген кітапханашылар аталған шарадан алған әсерлерімен бөлісті.

- Біз Лев Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапханасынан арнайы осы шараға келдік. Мақсатымыз – тәжірибе алмасу. Қазіргі таңда кітапханаларға жүктелген жұмыс өте ауқымды. Кітапхана жұмысын заманауи тұрғыда жан-жақты жетілдіру, кітапханашылардың біліктілігін арттыру заман талабы. Бүгін басталған халықаралық форумнан күтеріміз көп, - дейді Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапханасының ғылыми хатшысы Шолпан Сандыбаева.

Халықаралық форум екі күнге жоспарлануда. Форум барысында қатысушылар шеберлік сағаттарына, тренингтерге, әдеби кездесулерге, әр түрлі бағытта ұйымдастырылатын секцияларға қатысуға мүмкіндік алады.