Сұлтанмахмұт Торайғыровты еске алу күні

21 мамырда Павлодар қаласының Торайғыров және Академик Сәтбаев көшелерінің қиылысында С.Торайғыров ескерткішінің жанында дәстүрлі ақынды еске алу күні өтті. Биыл еске алу күні облыстық кітапхананың Павлодар өңірінің танымал тұлғаларының өмірі мен қызметін насихаттауға бағытталған «Тұлға. Кітап. Заман» атты жобасын іске асыру аясында өтті. «Алуан тағдырлы ақын» атты еске алу күнін Тереңкөл аудандық ОКЖ өткізді.
Ескерткіштің алдында ақынға арналған әндер орындалып, С.Торайғыровтың шығармалары оқылды, көрнекті жерлесімізге арнау өлеңдер арналды және «Қамар сұлу» романынан көрініс қойылды. Іс-шараға Қазақстан жазушылар Одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Арман Қани қатысты. Қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасына тағзым етуге шығармашылық зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары, С.Торайғыровтың шығармашылығын бағалаушылар келді.