«Тәуелсіздік жетістіктері» кітап көрмесі

19 қаңтарда С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» иллюстративті кітап көрмесінің таныстырылымы өтті.

Көрменің мақсаты - Ұлы Дала тарихынан бастап, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау, сындарлы жылдар ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясаты мен ерен еңбегі арқасында еліміздің жеткен жетістіктері мен толайым табыстарын, сондай-ақ қазақстандық, әлеуметтік және рухани игі өзгерістер белесін көпшілікке таныту. Кітап көрмесі 9 бөлімнен тұрады.

Барлық жеңіс пен жетістіктерді айқындап, егемендік жылнамасын паш еткен ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Егеменді Қазақстан» газетінде 5 қаңтар күні жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласы жүріп өткен жолымыздың даралығы мен саралығын айқындап бергендей. Кітап көрмесінде Президент мақаласының әр бөлімінде елдің егемендік тарихының айтулы мезеттерін баяндайтын, үш онжылдыққа бөлінген, өткеніміздің өрнекті де көрнекті тұсарын бейнелейтін кітаптар қойылған.

Кітап көрмесіне 200-ден аса кітап қойылған және жыл аяғына дейін жұмыс жасайды. Облыстық кітапханаға келушілер, оқырмандар, қонақтар, әртүрлі іс-шараға қатысушылар осы көрмені тамашалай алады.