Торайғыровты еске алу күні

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1920 жылы 21 мамырда қайтыс болды. Облыстық кітапхана қызметкерлерінің бастамасымен ұлы ақынның ескерткіші тұсында Еске алу күні жылсайын аталып өтіледі. Биылғы жылы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың талантын құрметтеушілердің қазіргі жағдайға байланысты барлығына бірге жиналуға мүмкіндік жоқ. Бірақ біз бүгін ақынның шығармашылығын еске алып, Ұлы даланың ақынына құрмет көрсетуді ұсынамыз. Сіздердің назарларыңызға Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі және оның шығармашылық мұрасын сақтау туралы 10 қызықты дерек ұсынылады.

1. Сұлтанмахмұт Торайғыров біздің облыстың тумасы емес. Ол Көкшетау жерінде туған. Бірақ анасы қайтыс болғаннан кейін 5 жастан бастап Баянауыл ауданында тұрды. Павлодарлықтар оны өз жерлестері деп санайды.

2. Бала жастан білімге құштар болды. Жақсы білім алу мақсатында Троицк, Томск, Омбы, Семей қалаларында болды. Қаржының жетіспеуі, денсаулығының нашарлығы, орыс тілін білудің жеткіліксіздігі себебінен Сұлтанмахмұт оқу орындарында оқу мүмкіндігінен айрылды. Ақын өз білімін, оның ішінде орыс тілін меңгерумен айналысты.

Оллаһи! Ант етемін алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен.
История, география пәнді білмей,
Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.

Торайғыров шығармаларынан ақынның ойлаған ойларына жеткенің байқауға болады. Ол өзінің мақалаларында Сократ, Ж.-Ж. Руссо, Л. Толстой еңбектерін пайдаланады, тарихи мысал ретінде Шыңғысхан, Наполеонды келтіреді, Л. Пастер, Т. Эдисонды айтады. Ақын өзінің кейбір өлеңдерінде орыс сөздерін қолданады. Мысалы, «Тұтқындағы Байтұрсынның «Масасына» өлеңінде мынадай жолдар бар: «Өткірсің наркескеннің алмасындай, Жүйріксің «полный ходтың» арбасындай», «Таныстыру» поэмасында «Жастар оны таниды «не как юрист», Таниды «как мелочный канцелярист». С. Торайғыров өз халқы үшін жалпы білім беруді армандады.

3. С. Торайғыров - қазақ әдебиетіндегі роман жанрының негізін қалаушылардың бірі. Оның «Қамар сұлу» романы ең танымал шығарма. Өлең түрінде өрілген дастан. С. Торайғыров әдебиетке енгізген бірқатар бейнелер М. Әуезов, С. Мұқанов және басқа да жазушылардың шығармаларында одан әрі дамыды.

4. Сұлтанмахмұт өз шығармаларында қазақ тіліндегі ғасырлар бойы жасалған сөз әрекеттерін, халық мақал - мәтелдерін, ақындардың шешен, кесек, өлең сөздерін өте көп пайдаланған. «Кім жазықты?» романында «Айран ішкен құтылды, Шелек жалаған тұтылды» – деген мақалды: «Тұтылып шелек жалап тазам нашар, Әлділер құтылысты айран ішкен» – деп қиыстырған.

5. С. Торайғыровтың қалыптасуына ұлы Абайдың шығармашылығы үлкен әсер етті. Торайғыров ұлы ағартушының есімін өз шығармаларында жиі айтқан.

6. С. Торайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңі «Алаш» партиясының әнұранына айналды.

7. С. Торайғыровтың сүйікті қызы Мәлике Мұхтарқызы Баянауылда бірінші мұғалім болды. Ақын сырқатына байланысты қызды бақытты ете алмайтынын түсініп, некеден бас тартты. Мәлике де 1932 жылы Сұлтанмахмұт ауырған өкпе ауруынан қайтыс болды.

8. С.Торайғыров ұлтқа бөлінуден алшақ болды. «Ұлт» өлеңінде:

«Кәпір» бар, «мұсылман» бар – барлығы адам,
Оларды алалайтын қандай надан?!
Өнер, білім, әділет кім қолдаса,
Қай ұлт болсын – бәрібір бауыр маған.

9. 2017 жылы С. Торайғыровтың шығармалары «Бір ел - бір кітап» республикалық акциясы аясында жалпыға ортақ оқу үшін таңдап алынды.

10. Ұлы ақынның есімін иеленген Павлодар облыстық кітапханасы оның мұрасын көпшілікке насихаттау үшін көп жұмыстар атқарып келеді. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында кітапхана «Павлодар Торайғыровты оқиды» атты ауқымды жобаны жүзеге асырды. Жоба қала және облыс тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Оған мыңнан астам адам қатысты - әр түрлі мамандық иелері, конфессия өкілдері. Қазақстан халқы Ассамблеясының, мұнай-химия зауытының, «Ертіс» телекомпаниясының өкілдері, мешіт қызметкерлері, мемлекеттік органдар, полиция, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің қызметкерлері, оқушылар, студенттер, зейнеткерлер С. Торайғыровтың өлеңдерін оқыды. Сол кезде «Ертіс өңірі ақынын жырлайды – Звезда по имени Султанмахмут» атты арнау жинағы жарық көрді. «Сұлтанмахмұт әлемі» атты көркемсөз және бейнелеу өнері шығармашылығының облыстық байқауы өткізілді.

Бір жылдан кейін барлық поэзияны бағалаушыларды ақын ескерткішінің алдында кездесуге шақырамыз! Торайғыровты оқыңыз!