«Бірлігіміз жарасқан» кітап подиумының ашылу салтанаты

3 наурыз күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-жылдығы мен Ризашылық күніне арналған тұңғыш кітап подиумының салтанатты ашылуы өтті. Ерекше форматта өткен іс-шараның құрметті қонақтары - чуваш, грек және поляк этномәдени бірлестіктерінің төрайымдары мен мүшелері.

Кітап подиумына облыстық кітапхана қорындағы әртүрлі тілдердегі 200-ден астам басылым қойылды. Олардың қатарында оқулықтар, көркем әдебиет пен ғылыми кітаптар бар.

Әрбір қонағымыз өз мәдениеті, туған тілі, бірлестік тарихы туралы ақпаратпен қоса музыкалық аспабын, тұрмыста қолданатын заттары мен ұлттық киім үлгісін көрсетті. Поляк мәдени бірлестігі «Сұлу қыз» әнін қазақ, поляк және орыс тілдерінде шырқады.

Кітап подиумына қатысқан мектеп, колледж шәкірттері мен кітапханашылар Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамына кіретін ұлт тілдерінің бірегей әдебиетімен танысуға мүмкіндік алды. Этномәдени бірлестіктер өз жұмысы жайлы айта келе, өзге тілдерде ұйымдастырылатын сабақтар мен іс-шаралар туралы мәлімдеді.

«Бірлігіміз жарасқан» іс-шарасы кітапхана мен мұражай экспозициясының қызықты әрі үйлесімді көрінісі болды.