«Үздік Үй кітапханасы» өз мәресіне жетті!

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы төтенше жағдай кезінде оқырмандар арасында «Үздік үй кітапханасы» желілік байқауын жариялаған еді. Бүгін сайыс жеңімпаздарының есімі белгілі болды.

Байқаудың өтетіні туралы ақпарат 2020 жылдың 17 сәуірінде әлеуметтік желілер арқылы жарияланған болатын. Қуантарлығы кітапхана оқырмандары бастаманы бірден іліп әкетті. Олар осы жылдың 18-30 сәуірі аралығында әлеуметтік желілерде үй кітапханалары туралы ақпараттар (пост) жариялады. Байқауға барлығы 15 адам қатысып, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында үй кітапханалары туралы ақпараттар жариялады. Сайысқа қатысушылардың ең жасы қаламыздағы №39 мектептің 2 сынып оқушысы Дінмұхамед Тілектес. Сайыстың басты мақсаты қоғамда кітап оқудың маңыздылығын артыру,  адамдар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

Байқауға қатысушылар арасында өңірге белгілі азаматтар да бар.  Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер, ардагер журналист Ғалымбек Жұматов, Павлодар қаласының Құрметті азаматы, ақын Шолпан Байғалы, белгілі журналист, ақын, «JEBE» қоғамдық бірлестігінің Құрметті төрағасы Жұмабек Сманов тағы да басқа белгілі азаматтар жарыс көрігін қыздырды.

Байқаудың қорытындысы бойынша әлеуметтік желілілерде ең көп қаралым жинаған үміткер Анизмак Аида (452 қаралым) жүлделі I орынды жеңіп алды. II орын Зейнелқабиден Құсайыновқа бұйырды (408 қаралым). Үздік үштікті 242 қаралым жинаған Зинаида Николаева түйіндеді. Сондай-ақ «Ең үлкен үй кітапханасы» номинациясына жеке кітапханасында 3000 дана кітабы бар белгілі оқырманымыз Наталья Колодина ие болды. «Үй кітапханасындағы ең сирек кітап» аталымында жеке кітап қорында С.М.  Герштейннің «Каменные работы» (1940 ж.), А.Б.Лоховицкийдің (1976 ж.)  «Карманный русско-немецкий словарь» секілді сирек кітаптары бар Қожакелді Алданов ие болды. Пәтерде орналасқан кітапханаларға арналған «Тығыз әрі тиімді» аталымы бойынша Талған Әбеновтың үй кітапханасы үздік деп танылды.

Байқауға қатысқан барлық оқырмандарымызға облыстық кітапхана атынан алғыс айтамыз. Сәттілік серік болған жеңімпаздарды жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада құрмет көрсетіледі. Марапаттау рәсімін алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламыз.