«Шабыт жыры» поэзия кеші

30 мамырда С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Облыстық кітапханадағы ОКЖ күндері» жобасы аясында Май орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Шабыт жыры» атты поэзия кеші өтті. Кеште оқырмандар жергілікті автор Әбу Жарқынұлының «Екі жол» атты кітабымен танысып, «Музыка және поэзия уақыты» атты ән-жыр кешін тамашалады.

Кеште оқырмандар жас автордың заман, қоғам айналысы жайлы, туған жер туралы, патриоттық тақырыпқа арналған өлеңдерін тыңдап, жазушының шығармашылығымен танысты. Аудан кітапханашылары «Екі жол» кітабынан өлеңдер үзінділерін оқыды. Сонымен қатар, кеште ақын-әнші Құрметжан Ербақ, әнші, музыкант, айтыскер, халықаралық айтыстардың жүлдегері Жігер Бөкен, өнерпаз Омарғазы Тлеухан өз өнерлерін көрсетті.

Поэзия кешіне шығармашылық зиялы қауым өкілдері: ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Айбек Оралхан, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, облыстық, республикалық жыр мүшәйралардың жүлдегері, «Найзатас» әдеби журналының жауапты хатшысы Еламан Қабдыләшім, ақын-сатирик, «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің иегері Алпысбай Хонж және кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Облыстық кітапханадағы ОКЖ күндері» жобасы аясында бұл жұмыс одан әрі жалғасады. Алдағы уақытта өңіріміздегі барлық қалалар мен аудандардың орталықтандырылған кітапханалар жүйесі (ОКЖ) облыстың бас кітапханасында жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, үздік жобаларын ұсынады.