17 наурыз – Волонтерлердің қатысуымен игі істер күні/дархандық күні

Бұл еліміз үшін ерекше маңызды күн болып саналады. Себебі, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялады.

«Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген екен Дени Дидро. Волонтер болу дегеніміз айналаңа риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау. Тағдырына налыған мүмкіндігі шектеулі жандарға қызықты да əсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуға көмектесу. Қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылып, сүйеу бола білу деген сөз. Волонтерлер кез келген қоғамдық мәселеге араласа алады. Бастысы барлық қызмет тегін. Бәрі де еріктілердің жүрек қалауымен орындалады. Бұл екінің-бірінің қолынан келмейтін сауапты да жауапты іс.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана волонтерлермен тығыз қарым-қатынаста болуды қалайды. Аймағымыздағы еріктілер кітапханамызға көмек қолын созуға қашан да дайын. Мәселен, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы жылдарында майданда жазылған хаттарды цифрландыру барысында еріктілер бізге көмектесті. Батыр аталарымыз бен әжелеріміздің сұрапыл соғыста жазған естеліктерін болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жеткізуге үлес қосты. Алдағы уақытта да волонтерлермен бірлесіп көптеген игі жұмыстар атқарылатынына сенімдіміз.

Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Қашан да айналасына жүрек қалауымен көмек көрсетер жандар көп болсын!