Хамза Әбілғазин

(1919 - 1980 жж.)
/ Мемлекет қайраткері, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері
Хамза Әбілғазиннің туғанына – 100 жыл /

Қастерлі Баянауыл топырағында талай ұлы тұлғалар мен ұлт мақтаныштары, ерліктері мен ел үшін жасаған елеулі еңбектері арқылы көзге түскен абазал азаматтар баршылық. Соның бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Александр Невский», «Қызыл жұлдыз», «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Еңбек Қызыл Ту» орден дерінің иегері, Алматы телестудиясының тұңғыш директоры, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Радиохабар және телехабар тарату жөніндегі мемлекеттің басқармасының бастығы, Қазақ ҚСР-ның Жоғарғы Кеңес төралқасы істері жөніндегі басқармасының бастығы, Қазақ КСР-ның мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Хамза Әбілғазин.

1938 жылы Абай атындағы Қазақтың педагогика институты жанындағы жұмысшы факультетін (рабфак) бітіріп, сол жылы Қазақтың коммунистік журналистика институтына оқуға түседі. Сонда 2-ші курста оқып жүргенде, яғни 1939 жылы Кеңес Армиясының катарына шақырылады. Кеңес үкіметі Германиямен болатын соғысқа дайындык жүргізіп жатқандықтан армия қатарына сауатты командирлер қажет болды. Сонда Хамза ағамыз артиллериялық училищеге оқуға алынады. Әскери училищені бітіргеннен соң оны Ленинград майданына жібереді. Осы майданда жүргенде барлау отрядының командирі Хамза Ле¬нинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласы түбіндегі Лигово (бұрынгы Урицк) поселкесі жанында болған соғыста ерен ерлік көрсетіп, фашистердің артиллериялық ок ату орынын құртады. Хамзаның осы ерлігі туралы полк командирі, Кеңес Одагының батыры, полковник Петров өзі қол қойып, оның елі Баянауылға хат жолдайды. Хат 1942 жылдың жазында Баянаула тұрғындары жиналған митингіде оқылған еді. Курск доғасында болған сұрапыл шайқаста немістердің «жолбарыс» атанған танкілеріне қарсы көрсеткен табандылығы мен жау-жүректілігі үшін Хамза Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады. Полковник А.Бабаджанян басқарған артиллерия кұрамасының катарында Днепрді соғыспен өткенде көрсеткен ерлігі мен артиллериядан толассыз оқ жаудыруды шебер ұйымдастырғаны үшін Хамза «қолбасшынікі» деп саналатын «Александр Невский» орденінің иегері болады. Сөйтіп, Хамза ағамыз Павлодар облысы жауынгерлерінің ішінде осы орденді алғаш рет алған адам болады. Маршал А.Бабаджанянның естелік кітабында Хамза Әбілғазиннің Днепрден соғысып өткенде Александр Невский орденін не үшін алғаны бейнелеп көрсетілген.

Одерді соғыспен өткенде және Зеел биіктігіне батыл шабуыл жасағанда Хамза гвардиялык жеке артиллерия дивизионың басқарады. Осы соғыстардағы ерлігі үшін ол Кызыл Ту орденімен марапатталады. Екінші осындай орденді Берлинді шабуылдау операциясы кезіндегі ерлігі үшін алады.

1945 жылы 8 мамыр күні Хамза Әбілғазин Рейхстагтың қабырғасына «Баянауыл - Берлин. Хамза» деп жазады да, оны фотоға түсіріп алады. Бұл фотоны жазушы Қалмұқан Исабаев «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 3 қыркүйектегі санында өзінің «Рейхстагта қанша казақ болған» атты мақаласымен бірге жария етті.

Хамза Әбілғазин 1946 жылы әскер қатарынан елге оралып, Алматыға келеді. Мұнда төрт жылдай Қазақ КСР Министрлер Кеңесі мен Қазақстан Коммунистік партиясының Орталык комитетінде жауапты қызметтер атқарды. 1950 - 1958 жж. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының көмекшісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде мәдениет тобының аға консультанты, 1958 - 1962 жж. Қазак теледидар студиясының тұңғыш директоры, 1962 - 1964 ж. «Қазақфильм» киностудиясының директорының орынбасары, 1964 - 1972 жж. Қазақ КСР Ми¬нистрлер Кеңесінің Республикалық радиохабар және теледи¬дар комитеті басқармасының басшысы болып қызмет істеді. 1972 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының іс басқарушысы болды.

Хамза Әбілғазин 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медалдармен және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің үш Құрмет грамотасымен марапатталды.

Кейін Хамза Әбілғазинді құрметтеген мейірімді адамдар «Ер есімі - ел есінде» деп, оның тұрған үйіне мемориалдық ескерткіш тақта орнатты. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», - деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, халқының адал ұлы Хамза Әбілғазиннің есімі ел есінде мәңгі сақталып қалады деп сенемін.