«Жемқорлық және заң» кітабы оқырманға жол тартты!

24 тамыз күні облыстық кітапханада заңгер, публицист-жазушы, қоғам қайраткері Әли Жандаулетұлы Нышановтың «Жемқорлық және заң» кітабының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесерге жинаққа шығармалары енген авторлар мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері, «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы, қалалық мәслихат депутаты Қобланбек Кожин, республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Нұргүл Каирденова, С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысы Шолпан Шахметова, ақын Мұхаметқали Зарықұлы Ормантегі қатысты. Шара ұйымдастырушысы әрі жүргізуші - Гүльзира Альпаттина жиналған қауымға алғысын білдіріп, кітап жайында толыққанды мәлімет берді.

Шара қонақтарына жас әнші Айгерім Шәкәрім ән шырқап, Мұхаметқали Зарықұлы Шәкәрім Құдайбердіұлының әнін орындап берді.

Денсаулық жағдайына байланысты келе алмаған кітап авторы Әли Жандаулетұлы келушілерге бейне үндеу жолдады. Сондай-ақ, жинаққа шығармалары енген авторларға Әли Нышановтың Құрмет грамотасымен марапатталды.