Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

Әлемді алаңдатқан ауыр ахуалға байланысты облыстық кітапхана өз жұмысын қашықтық режимге ауыстырғаны мәлім. Карантин мерзімін тиімді пайдаланған кітапхана қызметкерлері өз оқырмандарын өзекті ақпаратпен дер кезінде қамтумен қатар, түрлі конкурстар мен байқауларды ұйымдастырған болатын. Кітапхананың ресми әлеуметтік желілерінде онлайн форматта өткен конкурстардың жеңімпаздарын марапаттау 16 қыркүйек күні өткізілді. Қатысушылар сұраққа жауап беріп, бейнежазбалар түсіріп, өзінің үй кітапханасы туралы, сүйікті кітаптары туралы айтып беру арқылы байқаудың барлық шарттарын орындаған. Қорытынды шығару кезінде дәл осы қатысушылардың белсенділігі, бейнежазбалардағы комментарий мен көрсетілім санына да назар аударылды.

Сонымен «Үздік үй кітапханасы» онлайн байқауында 1 орынды Аида Камзина жеңіп алды. 2 орын Зейнелқабиден Құсаинов,3- орынды Зинаида Николаева иеленді. Ал дәл осы байқау бойынша«Үй кітапханасындағы ең сирек кездесетін кітап» номинациясына Қожакелді Алданов, «Ең үлкен үй кітапханасы» номинациясына Наталья Колодина, «Тығыз әрі тиімді» номинациясына Талғат Әбенов лайық деп танылды.

«Оқу аймағы» онлайн байқауында Айбек Оралхан «Оқу көшбасшысы» номинациясын, «Жыл оқырманы» номинациясын Александр Вервекин иеленді. Ал «Жыр мен жыршы» жобасына қатысып, көпшілікке жыршылық өнерді насихаттағаны үшін белгілі жыршы, Абайтанушы Даниял Әсенов және шәкірті Айбек Ғалымжан Алғыс хатпен марапатталды. «Әдеби матч» ойын викторинасында 1 орын Қаламқас Байгеловаға бұйырды. 2 орын Ерасыл Алтайұлы, 3 орын Раушан Токанова иеленді. «Спорт білгірлері» ойын-викторинасында Данара Кабыкен үздік деп танылды. Сәйкесінше Динара Мұсабаева 2 орынды Талғат Әбенов 3 орынды иеленді.

Барлық жеңімпаздарға диплом, алғыс хаттар, естелік сыйлықтар табысталды.