«Жырлайды жүрек» атты поэзия марафоны

9 ақпанда облыстық кітапханада ХХ ғасырдың біртуар тұлғасы, поэзияның Хантәңіріне айналған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына және «Бір ел – бір кітап» акциясына арналған «Жырлайды жүрек» атты поэзия марафонының қорытындысы онлайн форматта өтті. Іс-шараға Павлодар педагогикалық университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің вице - деканы, ф.ғ.к., доцент Оразханова Майгүл Иранғайыпқызы, облыстық кітапхананың қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Алпысбай Хонж және жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, мектеп оқушылары, оқырмандар қатысты.

М. И. Оразханова М. Мақатаевтың поэзиясына тоқталып, ақын өлеңдері арқылы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін білдіргені жайында және жыр аудармасы саласында да көп еңбек сіңіргені туралы маңызды тың ойлар айтты. А. Ә. Хонж поэзия марафонына қатысқан оқырмандарға жылы лебізін білдірді. Шара барысында ақынның өлеңдері оқылды.

«Жырлайды жүрек» атты поэзия марафоны 19 қаңтардан 9 ақпан аралығына дейін ұйымдастырылды, 50-ге тарта жыр сүйер қауым қатысып, М.Мақатаевтың Отан, туған жер, адамдар тағдыры, ана мен бала, табиғат жайындағы өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Поэзия марафонына қатысушыларға зор алғысымызды білдіреміз.