19 наурыз – Зияткерлік күні

Қазақ халқында балалардың ой-санасын жетілдіру, зияткерлік қабілетін дамытуда ауыз әдебиетінің алар орны ерекше. Батырлар жыры балаларды Отансүйгіштікке, адалдыққа, ерлікке тәрбиелесе, шешендік өнер табан астында сөз тауып айтуға, аталы сөзге тоқтауға үйретеді.

Ал мақал мен мәтелдің орны тіптен ерекше. Мақал-мәтел арқылы бала тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінге сыйдыруды, өткеннен сабақ алуға машықтанады. Жаңылтпаш жаттаған баланың тілі жаттығып, есте сақтау қабілеті артып, топтың алдында еркін сөйлейтін болады. Ал жұмбақ жасырып, оны табу немесе ойдан жұмбақ құрастыру арқылы жеткіншектің қиялы өсіп, табиғат тылсымдарын ой елегінен өткізуге дағдыланады.

Қарап тұрсақ Зияткерлік күнін осындай аса бай мол мұрамызды пайдалану арқылы пайдалы әрі көңілді өткізуге болады. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында халық ауыз әдебиетін жаңғыртып, жас жеткіншектерге рухани азық сыйлайық. Ұлық мереке баршаңызға құтты болсын!