«Дәстүр - trend» ұмытылған салт - дәстүрлер фестивалі

14 наурыз күні С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Дәстүр - trend» ұмытылған салт - дәстүрлер фестивалі өтті.

Фестивальдің мақсаты: қазақы салт-дәстүрлерді, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, жастар арасында насихаттау, ұмыт қалғанын қайта жаңғырту.

Бүгінде халық арасында кейбір салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз ұмыт болып барады. Ата-бабамыздан мұра ретінде қалған салт-дәстүрімізді игі мақсаттарда қолдану, ұмытылып бара жатқандарын қайта жаңғырту, халық арасында қайта дәріптеу – әрбір исі қазақтың міндеті.

Салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртып, ерте заманғы тамырымызға қайта оралу мақсатында, жас ұрпаққа үлгі ретінде «Дәстүр - trend» фестивалі ұйымдастырылды.

Қатысушылар көпшілікке ұмытылған қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрініс арқылы жеткізді.

Фестивальда «Қамшы ілу» (Ұнаған қызы бар үйге белгі тастап, жауап күту, аяғы тоймен аяқталатын дәстүр),  «Кимешек кигізу» (Жас келін босанған соң, ана атанғаны үшін ауыл апа-әжелерінің жасайтын рәсімі), «Бесік акелу» (Келін босанған соң қыздың ата-анасы құда-құдағиына құтты болсын айтып, қызының жағдайын білуге келетін рәсім), «Немеурін» (Ата-анасынан жеке шыққан жас отбасына еншісін беру, туыстары тұрмысқа қажет ыдыс-аяқ, төсеніш, мал атайтын рәсім), «Бастанғы»(Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, Бастаңғы жасайтын дәстүр), «Сәлемдеме»(Күйеуге шыққан қыз туыстарына жаңалық ретінде кішкене нәрсені жеткізетін рәсім) дәстүрлер көрсетілді.

Фестивальге келген жұртшылық үлкен қызығушылық танытты.