Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздер сөздігі

Тәуелсіздіктен соңғы 30 жылда мемлекеттік мәртебеге ие ана тіліміздің абыройын асқақтату мақсатында ондаған сөздік құрастырылып, қазақ тілі түркі тілдес халықтар ішінде ең бай тіл екендігін көрсете білдік. Бұған Елбасының өзі жоғары бағалап, лебізін білдірген, жүз мыңнан астам сөз бен сөз тіркестерін қамтыған «Қазақ сөздігі» (Алматы, 2013 жыл) куә. Алайда күні бүгінге дейін қазақ тіліндегі көне сөздердің жеке сөздігі құрастырылмаған екен. Жазушы Бодаухан Тоханның бұл сөздігі осы кемістігіміздің орнын толтыруға арналған еңбек. Замана ағымына сай сөздік қорымыздағы сан мыңдаған сөздің көне сөзге айналған, тіпті белсенді қолданыста болуға тиісті біршама сөздің аясы тарылып, жастар санасынан өшіп бара жатқан өмір шындығын ойласақ, бұл еңбек бүгінгі жастарымыз үшін таптырмайтын оқу құралы болары анық.