"БІР ЕЛ - БІР КІТАП" - 2011. ЖЫЛ КІТАБЫ - Ж. АЙМАУЫТОВ "АҚБІЛЕК"
Осы жылдың 10 наурыз күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Көгілдір» залында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында өтетін Жүсіпбек Аймауытовтың «Акбілек» романына арналған баспасөз конференциясының баспасөз отырысы болып өтті. Жиынға Астана қаласының ЖОО оқытушылары мен кітапханашылары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен медицина-техникалық және политехникалық колледждердің студенттері, журналистер қатысты.
Баспасөз отырысын ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры - Жанна Кәкібайқызы Шаймұханбетова ашты. Директор өз сөзінде осымен бесінші рет өткізіліп отырған акция елімізде жазба мәдени мұрамызды насихаттау мен қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру жұмыстарында үлкен жетістіктерге жетіп отырғанын, «Бір ел – бір кітап» акциясының мақсаты – қазақ әдебиетінің кітаптарын насихаттау, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулу, оқырмандарды кітапханаға, кітап оқуға тарту екенін айтып өтті.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың төрағалығымен өткен «Бір ел – бір кітап» акциясының ұйымдастыру комитеті отырысының шешімімен осы жылғы жобаның кітабы ретінде Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы таңдалған болатын.
Отырыстың модераторы, профессор, филология ғылымдырының докторы Тұрсын Жұртбай «Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы – ұлттық және адами ізгілік құндылықтарын, адамның жан құбылыстары мен сезімінің бай әлемін көркем бейнелейтін роман»-, деп атап өтті өзінің алғы сөзінде.
«Ақбілек» романы — бір ғана қазақ қызының күрделі тағдыры негізінде әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының өзгеру процесін суреттеген алғашқы қазақ романдарының бірі. Романда ескі ортадағы жікшіл тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының төңкерістен кейінгі жаңа сипатты заманның мүмкіндігіне сай өз құқығы үшін күресу жолы баяндалады. Ақбілектің жан дүниесіндегі күрделі құбылыстарды жазушы психологиялық тұрғыдан терең талдап, шебер береді. Романның бүкіл оқиғасы Ақбілектің айналасында өтеді, оның бәрі Ақбілектің ойы арқылы өрбиді.
Жиында сөз алған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымының докторы Күлпәш Дайрабайқызы Бейбітова романның көркемдік ерекшелігі мен Ақбілектің тағдыры жайлы тақырыпта сөз қозғады.
Баспасөз конференциясының отырысы әрі қарай ҚРҰАК бас директорының орынбасары Ғ.Б.Исақанова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті, «Алқа» әдеби ұйымының жетекшісі Жанболат Шәкімов, Қарулы күштер ардагері, ақын И.В. Петров, ҚРҰАК Ғылыми талдау орталығының жетекшісі М.Б.Валиулинаның сөз сөйлеуімен жалғасты.
Аудиторияға Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Елім деп соққан жүрегі» тақырыбымен слайд көрсетілді. Бұдан басқа, Шығыс Қазақстан облысы Ж.Жабаев атындағы драма театрының қойған «Ақбілек» спктаклінен үзінді тамашаланды.
Акцияны өткізу орталығы кітапханалар болып табылады. Оған білім беру мекемелері, әскери бөлімшелер тартылады, сонымен бірге мүмкіндіктері шектеулі оқырмандар да бұл шараға қатысады. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» акциясына орай өткізілетін республика кітапханаларының іс-шаралар жоспары жасалды. Республика бойынша Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романының мәні мен мазмұнын және осы шығарманың қоғам мен автордың өмірінде алатын ролін ашу үшін Қазақстанның мемлекеттік кітапханаларында барлығы мыңнан аса шаралар, кездесулер, әңгімелер, «дөңгелек үстелдер», оқу марафондары, көрмелер өткізіледі. Оқырмандар «Ақбілек» романының электрондық көшірмесімен www.kazneb.kz сайтында таныса алады.
Дереккөз: ҚРҰАК-ның сайты (www.nabrk.kz)