"БІР ЕЛ - БІР КІТАП" - 2014. ЖЫЛ КІТАБЫ - С. МҰРАТБЕКОВ "ЖУСАН ИСІ" ЖӘНЕ "БАСЫНДА ҮШҚАРАНЫҢ..."
Ұлттық академиялық кітапханада 2014 жылы ел болып оқитын кітапты таңдау үшін «Бір ел – бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті.
Биыл сегізінші рет өткізіліп отырған республикалық акцияны ұйымдастыру комитетінің төрайымы Фариза Оңғарсынова болатын. Отырысқа қатысушылар өмірден озғанына ай толмаған марқұм ақын, Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованы бір минут үнсіздікпен еске алды.
Комитеттің жаңа төрағалығына академик Ғарифолла Есім тағайындалды. Отырысқа Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Тарихи-мәдени мұралар басқармасының бастығы Базарбай Алтаев, облыстық әмбебап кітапханаларының басшылары және астаналық кітапханашылар қатысты.
Академик Ғарифолла Есімнің төрағалығымен өткен талқылауға ұйымдастыру комитетінің мүшелері – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев, жазушы, профессор Тұрсын Жұртбай, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы, жазушы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлы, «Қазақстан» ТРК төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Әлібек Асқар, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, ғалым Жарасбай Сүлейменов, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, ақын Амантай Шәріп, аудармашы-жазушы, Мәдениет қайраткері Ақайдар Ысымұлы, Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Гүлжамерия Қазина, ақын Әнуар Омар қатысты. Комиссия құрамына Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық кітапхана, Облыстық әмбебап кітапханалар, Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мамандарының, «Жансусар» жас ақындар клубының мүшелері және оқырмандар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша алынған авторлар тізімі ұсынылды.
Талқылау барысында оқырмандардың ең көп дауысын жинаған Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді», Сайын Мұратбековтің «Басында Үшқараның...», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты көркем туындылары дауысқа салынды. Жабық дауыс беру нәтижесінде Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» және «Басында Үшқараның...» атты шығармалары ең көп дауыс жинап, жыл кітабы болып таңдалды.
Сайын Мұратбеков – қазақ прозасында орны айқын, көркемдік әлемімен баураған жазушының бірі. Жазушының шығармалары орыс, өзбек, татар, украин, белорус, грузин, әзірбайжан, литва, араб тілдерінде жарық көрген. Жазушы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, М. Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Биылғы жыл бойы еліміздің барлық кітапханалары мен мектептерінде, сондай-ақ оқу орындарында, әскери бөлімдерде аталған кітап оқылып, халқымыз, жастар жазушы шығармаларымен кеңінен танысатын болады. Сондай-ақ Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арналған әр түрлі іс-шаралар өтеді.
Отырыс соңында «Бір ел – бір кітап», 2013» акциясының қорытындысы жарияланды және «Фариза Оңғарсынова жырлары шашқан шұғыла» атты Халықаралық кітапханалық блогтар байқауының қатысушыларына серитификаттар берілді, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Дереккөз: ҚРҰАК-ның сайты www.nabrk.kz