"БІР ЕЛ - БІР КІТАП" - 2016. ЖЫЛ КІТАБЫ - Д. БАБАТАЙҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ
«Бір ел – бір кітап», 2016» акциясы бойынша ұйымдастыру комиссиясының кезекті отырысында биылғы жыл кітабы таңдалды. Басым дауыс ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Дулат Бабатайұлының шығармаларына берілді.
Дулат Бабатайұлы 1802 жылы Семей өңірі, Аягөз маңында дүниеге келген. Ауыл молдасынан оқып, хат танып, мұсылманша сауатын ашады. Өзіне дейінгі әдебиет үлгілерінен мол сусындап, көне ақын-жыраулар мұрасынан ескі тарихи аңыздар мен эпикалық жырларды тыңдап, нәр алып өскен ол өз дәуіріндегі ең білімді адамдардың бірі болды.
Дулат Бабатайұлы халықтық шығармаларды, ұлттық поэзия үлгілерін жаттап өскен, көне түркі поэзиясынан тағылым алған. Бұқар және Ақтамберді жырауларды ұстаз тұтқан. Өлеңді ауызша да, жазбаша да шығарған. Ақын қазақ поэзиясын жаңа сатыға көтерді. Дулат Бабатайұлы өзі өмір сүрген уақыттың ахуалын қаз-қалпында жырлаған, оған өзінің азаматтық ой-пікірін батыл білдірген күрескер ақын болды.
Дулат Бабатайұлының шығармалары, негізінен, қазақ халқының екі жақты езгіге түскен ауыр халін суреттеуге құрылған. Бірінші, патша үкіметінің отаршылдық қанауы, екінші, патша үкіметі тарапынан тағайындалып, солардан қолдау табатын жергілікті әкім-билердің езіп-жаншуы. Ақын өлеңінде патшалық Ресейдің отарлау саясатының әсерінен ел ішінің бүлініп, психологиялық өзгеріске түсуі, билік-құмарлыққа салынған әкім-билердің өзара талас-тартысы сыналады. Ынтымақ, бірлікке нұқсан келуі, асқақ рухты халық ұрпағының жеке пайдасы үшін жағымпаздыққа бой алдыра бастауы ақын кеудесін қайғыға толтырады. Сол қайғыны «тұнық жырмен» жуа отырып, Дулат ұлт бойына қалыптаса бастаған жағымсыз көріністерді сынайды, ұнамсыз бейнесін жасайды. Дулат ел әкімдерін озбырлығына қоса қазақ елін патша үкіметінің езгіге салуына себепші, елді сатушылар деп біледі. Оларды «Бараққа», «Тырнақтай меңі болған соң», «Әуелгі қазақ деген жұрт», т.б. өлең-толғауларында қатты сынайды.
Өнер жолына ерте түскен, өмірінің соңғы күндеріне дейін ел ықыласына бөленген Дулат Бабатайұлы1871 жылы дүние салған.