22 НАУРЫЗ - БҰҚАРА КҮНІ
Ұлыстың Ұлы күні неліктен осы күнге дөп келеді? Себебі, бұл күні күн мен түн теңеліп нағыз көктемнің шуағы сезіледі.
Қара жер алты ай бойы жамылған ақ көрпесінен ажырап, табиғат ана бусанып, табиғаты қолайлы өңірлерде ағаштар бүршік ата бастайды. Бұл күні адамдар таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алады. Одан әрі бұқаралық мерекелік шеруге ұласады. Бұл күні арнайы орындарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Дәл осы күні ішкен наурыз көже де адамдарға ерекше әсер етеді. Жеті түрлі тағамнан жасалатын наурыз көже жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер сәтінде адам ағзасын таптырмас дәруменмен қамтамасыз етеді. Ой мен қырдан ағылған ағайын-туыс бірін-бірі жаңа жылмен құттықтап, елдің амандығын тілейді. Шығыс халықтары Ұлыс күні жерді Қыдыр ата аралайды, ол тілегі ақ, жан жағына мейірімді бұқара халыққа ақ батасын беріп, жақсылық тілейді деп сенген. Қыдыр атадан бата алған адамның жолы болады деп есептеген. Сондықтан да қазақтар жолаушыға: «Жорытқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын!» деп сәттілік тілеген.
Бұқара күні ағайын-туыстың береке-бірлігін арттыратын, қиындық атаулыны кейін қалдырып, халықтың аузы аққа тиетін айтулы күн.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!