«Абай жылының» қорытындысы
17 наурызда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада қазақтың бас ақыны, ұлы кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қорытындысы өтті. Салтанатты шараға «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қорының басқарма төрағасы, комиссия мүшесі Ермек Бейсембаев, «Абай» атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының атқарушы директоры Аслан Ғафуров, Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинова және зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Жиын барысында Абай мерейтойында атқарылған мәдени, рухани шаралар бойынша кеңінен мәлімет берілді. Сондай-ақ ақынның ұлы мұрасын насихаттауға аянбай еңбек еткен бір топ азаматтар «Абай» мерейтойлық медалімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында талмай еңбек етіп келе жатқан алдыңғы буын өкілдері мен кейінгі уақытта еселі еңбегімен көзге түсіп жүрген жастар да бар.