АСЫЛ СӨЗДІҢ ЖАРШЫСЫ
Даниял Әсеновтың 70 жасқа толуына орай «Асыл сөздің жаршысы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тіл жанашыры Ульян Мақұл, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Қани, облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ардагер журналист Социал Әйтенов, «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеш басында Асхат Раздықұлы мерейтой иесіне облыс әкімінің жолдаған құттықтауын оқып беріп, қазақы дәстүрмен домбыра сыйлады.
Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері Жанболат Байсолтан мен Әсел Ботаева Абай әндерін нақышына келтіре орындап, ән мен жырға сусаған халыққа ерекше көңіл күй сыйлады.
- Мені сыйлап, алыс-жақыннан келген ағайынға алғысым шексіз. Әдебиетсүйер қауымды көріп ерекше толқыныс үстінде отырмын. Әлі де халық ауыз әдебиетін, Абай, Мағжан, Шәкәрім секілді тағы басқа да тұлғалардың шығармаларын көпке насихаттағым келеді, - дейді Даниял Сабырұлы.
Кеш барысында жыршының өмір жолы туралы бейнефильм көрсетілді.
Бір қызығы Даниял Сабырұлының мамандығы әдебиеттен алшақ. Ол жергілікті құқық қорғау органында табысты еңбек етіп 1999 жылы құрметті демалысқа шықты. Ол біздің өңірде «Абай ауылға келеді», «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», «Абай жолы» секілді тың жобалармен танылды.