Балалар әдебиеті – бала болашағы!
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың балалар әдебиеті бөлімінде әдебиетшілер мен кітапханашылар дөңгелек үстел басына жиналды. Шара «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар арасында Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Жарқынбек Амантайұлы, балалар әдебиетінің өкілі Людмила Бевз, белгілі ғалым, профессор Бақытгүл Қапасова, гуманитарлық пәндер бойынша ППУ-дың аға оқытушысы Екатерина Гаранина және басқалар болды.
Жиналғандар өңірдегі балалар әдебиеті тақырыбына қалам тартып жүрген жазушылардың шығармашылығын қолдау, жас дарындар арасында балалар әдебиетінің өкілдерін қалыптастыру, жерлестеріміз Мұзафар Әлімбаев, Мүбәрак Жаманбалинов, Есентай Ерботин секілді қаламгерлердің еңбектерін көпке насихаттау секілді мәселелерді көтерді.
- Қандай тартымды шығарманы ғаламтор арқылы оқысаңыз да кітаптан оқығандай әсерде болмайсыз. Кітап соның ішінде балаларға арналған кітаптың орны ерекше. Бұл мұқым бір елдің болашағы, бір елдің тағдыры. Қазақ әдебиетінде балалар әдебиетін зерттеу бұл үлкен ғылым. Оны біз әлі де зерделеуіміз керек. Балалар әдебиетіндегі кейіпкерлерді киноға, мультфильмге, ойынға араластыру арқылы ғана біз олқылықтың орнын толтырамыз,-дейді әдебиетші, ғалым Бақытгүл Қапасова.
Екібастұз қалалық орталық кітапханасының қызметкері Ардақ Жұмағалиева балалар әдебиетіне қалам тартатын жазушылардың қатары тым сирек екендігін айтады.
- Мен Екібастұз қаласындағы орталық кітапханада жұмыс істеймін. Балалардың қызығушылығын оятатын тартымды шағармалар аз бізде. Мен ойлана келе өзім де балаларға арналған шағын өлеңдер мен тақпақтар жаза бастадым. Тіпті, біздегі балабақшалардағы тәрбиешілердің өзі бүлдіршіндерге лайықты тілі жеңіл, ұйқасы шымыр тақпақтар таба алмай қиналатынын талай мәрте көрдім. Меніңше, әдебиетімізге, тілімізге деген қамқорлық балалар әдебиетінен бастау алуы керек, - дейді кітапханашы А.Жұмағалиева.
Жиналғандар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныстар мен тілектерін айтты. «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына» орай өңірімізде жыл бойы көптеген мәдени, әдеби шаралар ұйымдастырылатыны айтылды.